Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы Көкшетау қаласының "Арай" бөбекжайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 
Государственное Казенное Коммунальное предприятие "Ясли - сад "Арай" города Кокшетау при отделе образования по городу Кокшетау Управления образования Акмолинской области

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Ата-аналарға кеңес «Ұсақ моторикаға арналған жаттығулардың дыбысты дұрыс айтуға тиетін пайдасы туралы және қалай өткізу туралы»

 Ата-аналарға кеңес «Ұсақ моторикаға арналған жаттығулардың дыбысты дұрыс айтуға тиетін пайдасы туралы және қалай өткізу туралы»

 

Дефектолог-мұғалім:Есимсеитова Г.Т.

 Мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ қол моторикасын  дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Омыраудағы баланың өзіне саусақтағы бас миымен байланысқан активті нүктелеріне әсер ете отырып массаж жасау керек.

Ерте жаста және мектепке дейінгі кіші жаста қарапайым жаттығуларды жасауда өлеңмен, тақпақпен ұйқастырылған жаттығуларды пайдалану ұсынылады. Адам миының сөйлеуге және қолдың ұсақ қозғалысына жауап беретін аумағы өте жақын орналасқан, яғни ұсақ моторикаға стимул жасау арқылы біз сөйлеу әрекетінің белсенділігін арттырамыз. Ұсақ моторика баланың өсе келе киініп шешінуіне, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларының қалыптасуына, кеңістікті бағдарлауға, заттық іс-әрекетті орындауға, өзіне деген сенімдікті нығайтуға көмектеседі.

 Ұсақ моториканы дамытудың баланың жалпы дамуында да алатын орны ерекше. В.А.Сухомлинский бала қабілетінің қайнар көзі оның саусақтарының ұшында екенін жазған. Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды, яғни бала қолымен көбірек жұмыс істесе, соғұрлым қимыл-әрекеті мен белсенділігі де артады.

Ұсақ моториканы дамыту жұмыстарын бала туылған кезден бастау керек. Кішкентай сәбидің қолына массаж жасау арқылы біз алақандағы ми қыртыстарының жұмысын жақсартатын аймақтарды басамыз.

Ойын түрлері өте көп. Ойындардың бірі – саусақ ойыны. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады. Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғауларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету-тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды. Саусақ ойынын аталмыш орталықта және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады

Саусақ жаттығулары: Пассивті: сипау, діріл, уқалау.  Активті: дауыстың сүйемелдеуімен (түрлі тақпақпен, көрініспен т.б сүйемелдеу), сүйемелдеусіз.

Пассивті жаттығу – ұсақ моториканы дамытудың алғашқы сатысы. Саусақ жаттығуларын ең төменгі деңгейден бастаған дұрыс. Содан кейін ғана активті саусақ жаттығуларына көшу ұсынылады. Оның деңгейі баланың ұсақ моторикасының даму деңгейіне қарай таңдалады. Қол саусақтарына арналған пассивті жаттығулар жасау кезінде балаға қолайсыз жағдай туғызбауын және тітіркенбеуін қадағалаған жөн. Жаттығулардың мақсатты пайдаланылуы мынадай әдістерді ұсынады: сипау, жаймен уқалау және діріл. Массажды әрекеттер саусақ ұшынан басталып төменгі буынға қарай жалғасады. Массаж жасау кезінде жай лирикалық әуен қоюға да болады. Су-Джок терапиясының құралдарын пайдаланған дұрыс.

Бала саусағын ойната отырып тілін дамыту.

Адамның  он екі мүшесінің тіршілікте атқарар міндеті зор. Соның ішінде екі қолға бес – бестен біткен он саусақты күнделікті қажетті жұмыстарды атқаруға пайдаланытынымыз белгілі. Сонымен қатар ертеден бізге жеткен «Қуырмаш» ойынынан саусақ атауларын бала тәрбиелеуге, оның тілін жетілдіруге, ойын ұштауға әдемі пайдаланғанын білеміз.

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Тауықтарға тары шаш.

Балапанға бидай шаш,

Балаларға тәтті шаш  .

– дей келіп, жұмылған әр саусақты жеке-жеке ашарда:

Сен түйеңе бар,

Сен жылқыға бар.

Сен сиырға бар,

Сен қойыңа бар,    

Сен үйде отырып

Шешеңе көмектес.

– деп әр саусаққа тапсырма беріледі. Одан соң әр саусақтың басынан ұстай тұрып «қарның ашса: мына жерде нан бар, мына жерде май бар» деп әртүрлі астың атай келіп, қолтыққа жеткенде «қуырмаш»», «қуырмаш» деп қытықтайды.

Балалардың сөйлеу құзыреттілігін және қимыл әрекеттерін қалыптастыруға төмендегі ұсақ моторика жұмыстары қажет: бетті, қолды бүгу;  саусақ ойындары; театр түрлері; дидактикалық ойындар; табиғи заттармен ойындар; шығармашылық жұмыстар; оригами (қағаз бүктеу).

Заттық саусақ жаттығулар:

– түйме тағу мен оны шешу;

– аяқ киім бауын байлау;

– арнайы рамкалардағы бау;

– мозаикалармен ойын;

–  құрғақ бассейн;

– конструкторлармен ойын;

– тандап алу жаттығулары (мысалы: фасоль мен бұршақты араластыру).

Ұсақ моториканы дамыту барысында біз мынадай нәтижеге жетеміз:

  1. Сөйлеу тілі жетіледі.
  2. Қимыл қозғалыс қабілеті артады.
  3. Икемділігі арта түседі.
  4. Логикалық ойлау қабілеті дамиды.
  5. Танымдылық деңгейі артады.

Сонымен қорыта айтқанда, балабақша балаларының тілін дамытуда түрлі ойын, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану, осы бағыттағы атқарылатын игі іс-шаралардың нәтижесіз қалмайтындығының айқын дәлелі деп санаймын.

Жаңартылған күні: 11.11.2024 10:44
Құрылған күні: 11.11.2024 10:44

Текст