Берекелі Алтын күз
Ертеңгілік
Тәрбиеші: Ережепова Г.Ж.
Музыка жетекшісі: Калиева А.У.
№ 11 "Мөлдір бұлақ" ересек тобы
Мақсаты: Күздің ерекшеліктері туралы алған білімдерін толықтыру. Күз байлығы, оның алуан түрлілігі туралы айтып, әңді дауыс ырғағын келтіре отырып айту. Көркем сөйлеу тілін дамыту. қол қимылдарын арттыру. Күз байлығы адамдардың еңбегімен келетінін ұғындыру, оны бағалай білуге және табиғатты сүюге, еңбекке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Керекті құрал-жабдықтар: қолшатыр, шеңбер, жапырақтар.
Рөлді атқарушылар:Алтын күз: Бекенова Ж.Ж., Қызыл телпек: Жармуханбетова А.М.
Жоспары:
1.Балалар жапырақтарымен (әуенді ырғақпен) безендірілген залға кіреді.
2.Ән: «Күз»
3.Әуенді ырғақпен ортаға Алтын күз келеді.
4.Балалардың тақпақтары.(Сезім, Арсен, Айя, Дильназ, Асанәлі)
5.Би: «Келді Алтын күз»
6.Ойын «Жапырақтар»
7.Қонаққа Саңырауқұлақ келеді
8.Ойын: "Күн мен жаңбыр"
9.Би «Саңырауқұлақтар»
10.Ән: «Күзгі жапырақтар».
Жүргізуші: Балалар, бүгін барлығымыз күз мерекесіне жиналдық. Қонақтар да келді. Бүгінгі біздің «Берекелі Алтын күз» мерекесіне қош келдіңіздер. Айналамызға қараңдаршы, қандай әдемі, қолдарыңдағы жапырақтарың қандай керемет! Ендеше мерекемізді «Күз» әнімен бастайық!
Алтын күз: Сәлеметсіңдер ме, балалар.Сендердің әсем дауыстарыңды естіп осында келдім. Алтын күздің жапырақтары секілді әдемі, жайқалып тұрсыңдар!
Жүргізуші: Қош келдің, Алтын күз, біздің балалардың күз туралы, тақпақтарын
қабыл алыңыздар!
Сезім: Жетті желмен Алтын күз,
Жеміс жинау салтымыз.
Жиып-теріп болған соң,
Той жасайды халқымыз!
С.Мирас: Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді
Айя: Сарғайды тоғай,
Сап-сары маңай.
Күзгі әнін айтып,
Құс кетті қайтып.
Дильназ:Күздің қазан айында,
Алма, алмұрт піседі.
Жапырақтар сарғайып,
Сыбдыр - сыбдыр түседі.
Арсен: Береке-бақ дарыған
Жомарт көңіл, жарқын жүз.
Сары алтынға малынған,
Жетті міне, Алтын күз!
Қамба толды астыққа,
Алғыс саған, Алтын күз!
Бір уыс дән шаштық та,
Қап-қап қауын алдық біз!
Асанәлі: Сап-сары ғып даланы,
Бояпты ғой күз деген.
Құстар қанат қағады,
Қоштасқандай бізбенен.
Жүргізуші: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі? (Күз). Дұрыс, ал күзде қандай өзгерістер болады?(Күн суытады,жаңбыр, жауады, жапырақтар түседі, құстар жылы жаққа ұшып кетеді, т.б. ) Жарайсыңдар балалар!
Жайнатып жанымызды,
Келтіріп сәнімізді.
Арнайық бас қосқанда,
Бұл тойға биімізді, - дей отыра «Алтын күз» биін тамашалаңыздар!
Би: «Алтын күз»
Алтын күз: Керемет балалар, жарайсыңдар! Балалар, мен сендермен ойын ойнағым келеді. Қазір, біз «Жапырақтар» ойынын ойнайық. Бұл ойында екі топқа бөлініп, сары және қызыл сары жапырақтары бар балалар жеке-жеке шеңбердің ішіне жиналады.
Жүргізуші: - Жарайсыңдар, балалар бір сергіп алдыңдар.
(Ортаға әуенді ырғақпен Саңырауқұлақ кіріп келеді)
Саңырауқұлақ: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін мереке болатынын естіп, сендермен бірге би билеп, ән салуға келдім. Оның үстіне осында менің кішкентай достарым бар екен, қал-жағдайларын біле кетейін дедім.
Жүргізуші: Қош келдің, Саңырауқұлақ! Өте дұрыс жасадың, мерекені бізбен бірге көңілді өткіз!
Саңырауқұлақ: Балалар, аспан бұлттанып тұр, жаңбыр жауатын секілді. Өзіммен бірге қолшатырымды ала келдім. Қолшатырды пайдаланып сендермен «Күн мен жаңбыр» ойынын ойнағым келеді.
Ойын: «Күн мен жаңбыр»
Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар! Саңырауқұлақ енді кішкентай достарыңның саған арнаған биін қабыл ал
Би: «Саңырауқұлақтар»
Саңырауқұлақ: О, қандай керемет! Өнерлеріңе тәнті болдым.
Аспан түнеріп, жаңбыр жауатын секілді болып тұр. Тезірек үйге жетіп алуым қажет.
Жүргізуші: Ал, балалар Алтын күз бен Саңырауқұлақты әсем әнімізбен шығарып салайық!
Ән: «Күзгі жапырақтар»
Алтын күз: Балалар, мереке маған қатты ұнады. Жан-жақты, өте өнерлі екенсіңдер, сендерге өзімнің бағымнан сыйлық әкелдім.
Жүргізуші: Балалар, қандай керемет! Күзіміздің берген сыйлығынан топқа барғасын дәм татамыз.
Берекелі бақ – дәулет,
Арта түссін тойланып.
Сау болайық бәріміз,
Келгенше күз айналып!-дегендей құрметті қонақтар, келесі "Алтын
күз" мерекесінде аман-есен жүздесейік. (Балалар ән ырғағымен залдан шығады)